Эссе об Абае

0
0
Материал опубликован 30 November 2020



Абай шығармаларындағы «Толық адам» бейнесі

«Ақыл, қайрат,жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елдей бөлек...»


Харесова Эльмира Хамидуллиевна

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Орал қалаы, №19 жалпы орта білім беретін мектебі

Аннотация

Бұл мақалада Абай атамыздың «Он жетінші» қара сөзі мен өлеңдері талданады. Адам бойындағы асыл қасиеттерді адал ұстанған адам ғана «Толық адам» тұлғасына айналатыны сөз етіледі. Дана Абайдың қай өлеңін, қай қара сөзін алсақ та, астарлы ойы мен идеясынан адамгершілікке тән асыл қасиеттерді (ар, ұят, намыс, иман, ақыл, білім, ғылым және т.б.) санамызға сіңіре аламыз. Ол өзінің өлеңдерінде ерекше мән берген тәрбиелік ойларын қара сөз­дерінде де жалғастырып, дамыта түседі.


Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын паш ететін сөзі – «Он жетінші қара сөзі» Қайрат, ақыл, жүрек - үшеуі өздерінің бойындағы адам үшін пайдалы саналатын жақсы қасиеттерін айтып таласады да, ғылымға төрелікке жүгінеді.Ақыры, ақиқат шындықты ғана ту ететін ғылым әділ төрелігін айтып, үшеуінің басын қосу керектігін, билікті жүрекке беру дұрыс болатынын айтып түсіндіреді.

Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасын бүгінгі қазақ қоғамы «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен байланыстыра отырып, ұлттық мүддені көздейтін, ұлттық бірлікке үндейтін, рухани кемелдікке қол жеткізетін ең озат идея ретінде қабылдайды. Асылында, жаман адам болмайды,бірақ бойындағы нәпсісі рухынан үстем болғандықтан, барлық ақылы, білімі, қайрат-жігері мен өнері нәпсінің құлына айналғандықтан, жақсы іс-әрекеттермен көркем амалдардың табылуы қиын болады. Сондықтан Абай атамыз «Әуелде бір суық мұз - ақыл зерек» деген өлеңінде мінсіз адам бейнесін әрі қарай толықтыра түседі .Бұл өлеңде:
 Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жолда жоқ жарым есті «жақсы» демек.
Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз,
Ғылым - сол үшеуінің жөнін білмек,- деп ой түйеді. Адам жан-жақты асыл қасиетті болу үшін оның бойындағы қайрат, ақыл, жүрек үшеуі бірдей болып, тең табыссын деген талап қойылады. Ақыл, қайрат, жүректі өзара айтыстыру арқылы адамға терң ой салады. Бір қарағанда үшеуінің де дәлелі дұрыс сияқты. Еңбек ету үшін, ғылым білімді меңгермекке адамға ең алдымен жасымайтын, алған бетінен қайтпайтын қайрат қажеті рас. Ал ақыл болмаса жақсы мен жаманды, пайда мен зиянды айыру қиын. Әлгі білім,өнер де ақылсыз адамның бойында дарымайды. Бірақ жүрек соқпаса, кісі өмір сүре алама ма? Адамға ар-ұятты танытатын да сол жүрек емес пе. Кім де кім алдымен жүрек қалауын соның әмірін орындайды ғой. Осынау қиын таласты ақын ғылымға шешкізеді.Сөйтсек, қайрат бірыңғай адалдық жолына ғана қызмет етпейді екен. Амал, айла тапқыш ақыл да жақсы мен жаман да бірдей сүйеніш көрінеді. Адалдық, ізгілік тек жүректің ғана айнымай ұстайтын жолы екен. Жақсылыққа қуанатын да, жамандыққа ерімейтін де сол. Ендеше адам үшін ең қажеттісі-жүрек қалауы. Бірақ, ақын билікті жүрекке әперумен шектелмейді. Оның ұсынары-қайрат, ақыл, жүрек үшеуінің бірлігі, ынтымағы. «Осы үшеуің басыңды қос». Осы үшеуі тең табылған кісі - қасиетті адам, мінсіз адам деп түсінемін.

«Толық адам ілімінің» мақсаты - адамзат баласының жақсы қасиеттерге ие болып, жаман қасиеттерден ада болуы. Ақын «Толық адам ілімінің» барлық талаптарын осы қара сөзінде береді. Рухтың мекені - адамның жүрегі. Жүректің жылуы, махаббат, ар-намыс, қайрат-жігер деген сезімдердің барлығы да осы рухтан туындайды.Түсіну үшін мынадай салыстыру келтіруге болады: күн-адамның рухы болса, сәулесі-оның ақылы. Рухани бай адам ең алдымен әділ, мейірімді және қанағатшыл болады.

Ақыл мен жан мен-өзім, тән менікі,

Менімен менікінің мағынасы екі.

Мен өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

Менікі өлсе өлсін, оған бекі

Өлсе, өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ та қайтып келіп, ойнап-күлмес.

Мені мен менікінің айрылғанын,

Өлді деп ат қойыпты өңшең білмес.

Абай өлеңдерінде де, қара сөздерінде де бір мақсатты көздейді: өмір шындығын, халықтың арманын жырлады, оның қамын ойлады. Ол өзі айтқандай: «Қыранша қарап Қырымға,мұң мен зарды қолға алды. Кектеніп надан зұлымға шиыршық атты, толғанды».

Абай қара сөздерінде де үлкен оптимист ретінде танылды. Ол «артқа алаң болмай», батыл ілгері басуды жақтайды. Қазақ халқы мен орыс халқының достығын аңсады. Қарасөзінде де Абай әрі өткір сыншы, әрі ақылшы, әрі терең ойшыл, әрі өткір тіл, шешен сөз иесі болып көрінді.Абай дүниені тануға болатын құбылыс деп түсінді. Оны білгізетін ғылым, білім тәжірибе екенін көрсетті. Дүниенің дамылсыз өзгеріп тұратын құбылыс екенін таныды.Өмірдегі зұлымдықтың да жойылуы заңды деген қорытындыға келді.

Ақындық жолында адамгершілік,имандылық, адалдық, еңбекқорлық, кішіпейілділік, қайырымдылық, парасаттылық сияқты ізгі қасиеттерді ту етіп ұстап өлеңдерінде қайта-қайта насихаттаудан жалықпаған. Абай ғақлияларында да өзінің осынау өмірлік мүддесін әр қырынан баяндаудан таймаған.Ойшыл ретінде ақ пен қараның, жақсы мен жаманның, адалдық пен зұлымдықтың, білімділік пен надандықтың, күшіктік пен даңғойлықтың ара жігін әр сөзінде ашып, дәлелдеп беріп отырған. Қай сөзінде болса да ақын осы мәселелерге тікелей немесе жанама түрде соқпай кетпейді. Абай мұрасы – адамды адам етіп тәрбиелеудің,  жан-жақты дамыған тұлға   қалыптастырудың қайнары. Оның ойынша, адамзатты, әділетті сүю- толық тұлғаға тән басты кісілік қасиет екенін түсіндіреді. Адамды сүйіп, құрметтеуге үндеген  кемеңгер ақын поэзиясы түпкі негізі- адам, Толық адам.  Абай арманындағы Толық адам өнерлі ,білімді, еңбекқор, адал, әділ , жылы жүректі , ыстық қайратты, ғылым жолына түскен іздемпаз болуы керек. Бұл - Абай шығармаларының биік мұраты.


Қолданылған әдебиеттер:

1.«Мен-адаммын» жеке тұлғаның рухани-адамгершілігін дамыту сабақтарын ұйымдастыруға арналған әдістемелік құрал

2.Абай энциклопедиясы


в формате Microsoft Word (.doc / .docx)
Комментарии
Комментариев пока нет.