Доклад «Экономика пәнін оқытуда жобалау әдісін қолдану»

0
0
Материал опубликован 22 November 2017

Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман дайындау барысында  алда тұрған міндеттерді шешудің бірден-бір жолы сабақта жобалау әдісін қолдану керектігіне тоқталмас бұрын, жобалау әдісінің тарихына қысқаша шолу жасайық.
     Жобалау – «proicere» деген латын сөзі. Бұл сөз «жоспарлау, дайындау» сияқты мағынаны немесе жоспардың жүзеге асырылуын білдіреді. «Жоба» ұғымы педагогика саласында ғана  емес экономика, басқару, зерттеу салаларында да кеңінен қолданылатыны белгілі.

     Біздің жағдайымызда жобалау әдісі деп – сабақтың өткізілу түрі айтылады. Сонымен қатар жобалау әдісі - студент пен оқытушының  бірігіп, белгілі бір мәселені шешуге және қорытынды жасауға  негізделген оқу немесе басқа да әрекеттерін айтуға болады. Мектеп мұғалімдерінің арасында жобалау жұмыстарына байланысты жобалау сабақтары, жобалық апталықтар, жобалық жұмыстар т.б  тіркестер қолданылып жүр. Жобалық жұмыстар орындалу мерзіміне қарай ұзақ, орташа және қысқа мерзімді болып бөлінеді. Қазір мектеп оқушылары мен мұғалімдері бірігіп ұзақ мерзімді ғылыми жобаларды орындап, қорытындысы бойынша қала, республика көлемінде белгілі ғалымдардың қатысуымен өткізілетін конференцияларда келелі мәселелердің шешілу жолдары туралы ойларын  ортаға салып, көпшілікті мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстары  таң қалдырып жүргені бәрімізге белгілі.

     Жобалау әдісі 20 ғасырдың басынан басталады. Бұл әдістің ғылыми негізін қалаушылар:  Д. Дьюи , ДевейКилпатрак, Снедден, Ричардс.  
   Сол кездің өзінде АҚШ ғалымдарының арасында жобалық жұмыстарды - жұмыс техникасына немесе дидактикалық концепцияға жатқызу туралы

 мәселе пікірталас туғызған болатын.

    Жобалау идеялары Еуропада алпысыншы, жетпісінші жылдары «баламалы мектеп» немесе баламалы оқыту түрлерін енгізу туралы пікірталас кезінде қолдау табады.

   Жобалау идеясы, жобалау әдісі  ең алдымен жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарындағы дәстүрлі оқытуға қарсы бағытталған бағдарлама ретінде қарастырылды. Бұл идея көптеген ғалымдардың қолдауымен жобалау әдісінің негізін қалауға себеп болды.

    Жобалау әдісі - оқу үрдісін ерекше етіп тұратын кешенді оқыту  тәсілдері жиынтығы. Бұл әдіс - білімгерлерге әрекеттерін  өз бетінше жоспарлауға, ұйымдастыруға және бақылауға мүмкіндік береді. 

Жобалау әдісі білімгерлерге тақырып таңдауда, мәліметтердің дереккөздерін жинауда және презентация жасауда өз бетінше жұмыс істеуге жағдай жасайды. Бұл әдіс қарым-қатынастың жаңа түрін үлгілеуге арналған. Жобалау білімгердің өз бетінше ойластырып, жүзеге асыруға арналған жұмысы. Зерттеу барысында студенттің бойында жұмысына қажетті төмендегідей біліктер қалыптасады:

- өзінің қабілеті мен қызығушылығына қарай тақырыпты еркін таңдай алады.
- алдына қойған міндетіне қарай жұмыстың мазмұнына өз бетінше талдау жасай алады.

- өз бетінше алдына қойған мақсатына жету және жүзеге асыру жолдарын іздестіреді.
- мүмкіндіктері мен мүмкіндіктер шегін тексеруге және дамытуға жағдай жасайды.
-  мәліметтерді жинап, жүйелеп және сыни ойлауға  үйренеді.
- әдістерді талдау, салыстыру арқылы жұмысына тиімді әдісті таңдай алады.
- аудиторияның алдында сөйлеуге, ойын дәлелді және логикалық жүйелікпен жеткізуге, аудиторияны өзіне қарата білуге дағдыланады.

- өзгелерді тыңдап, айтқандарын ой елегінен өткізуге дағдыланады.
- шешімі қиын сұрақтарды  өз бетінше шеше  біледі.

-өз көзқарасын дәлелдеп, шешімінің дұрыстығына тыңдаушылардың көзін жеткізуге тырысады.

     Жобалау  арқылы білімгердің интеллектуалды эмоционалды контексті сөйлесуі іштей басқа әрекеттермен бірлікте жүреді. Басқа әрекеттер деп отырғанымыз, жоспарын жүзеге асыру үшін құжаттар, анкета, кесте бейнеролик т.б. дайындалады. Жобамен жұмыс істеу – шығармашылық процесс. Білімгерлер өздері үшін маңызды болып саналатын мәселені анықтау үшін өз беттерінше немесе оқытушының жетекшілігімен ізденуге кіріседі. Бұл білімгерлердің өз бетінше білімдерін, дағдыларын және біліктерін жаңа контексте пайдалануға көмектеседі. Жобалау кезінде білімгер өте белсенді болады, ол өзінің шығармашылықпен жұмыс істей алатынын көрсетеді. Жобамен жұмыс істеу барысында қазақша сөйлеу жағынан нашарлау және психологиялық жағынан белсенділігі төмендеу студенттің өзі де өзінің қиялдауына, белсенділігін және өз бетінше жұмыс істей алатынын көрсетуіне мүмкіндіктері өте мол.

      Жобалау жұмыстарын бір сабаққа немесе бір аптаға арналған шағын жобалау жұмыстары және бір-екі айға немесе бір семестрге арналған үлкен көлемді жобалау жұмыстары деп бөлуге болады. Бұлай бөлу білімгерлердің жоспарлаған жұмыстарына байланысты.

Жобалау жұмыстарын жүзеге асыру мынадай кезеңдерден тұрады:
І.    Мақсат қою;
ІІ.   Жоспарлау;
ІІІ.  Бағдарламаны жүзеге асырудың әдісін таңдау
ІV.  Орындау;
V.  Бағдарламаны қорғау.
     
Жобалау жұмысының міндеті:
І кезең.Бір немесе бірнеше мәселенің тақырыбын анықтау, жұмыс тобын құру;
ІІ кезеңМәселені талдау,  жоспар құру;
ІІІ кезең.Қабылдаған жобаны талдау. Ақпаратты қайдан алуға болатынын   талқылау.
ІVкезең.Қажетті ақпараттарды іздеу. Жобаны жүзеге асыру.
Vкезең.Жобаның қорытындысын ұсыну. Қорытындыны бағалау.
     
Жоба бойынша білімгерлердің әрекеті:
І кезең– ақпаратты нақтылайды; тапсырманы талқылайды; мәселелерді табады.
ІІ  кезең -тапсырманы жүйелейді.
ІІІ кезең
жұмыс істеу әдісін талқылайды; тиімді жолды таңдайды;ақпаратты қайдан алуға болатынын талқылайды.
ІV кезең
ақпаратпен жұмыс істейді;ұсыныстарды талдайды;зерттеу жүргізеді;жобаны рәсімдейді.
V кезең
– жобасын қорғайды;әрекетке ұжымдық баға берудің қорытындысына қатысады.
     
Жобалау жұмысындағы оқытушының әрекеті:
І кезеңжоспарлау жұмысының мақсатын түсіндіреді;әрекеттерін уәждейді;бақылайды.
ІІ кезең
талқылауға көмектеседі;бақылайды.
ІІІ кезең
бақылайды;  кеңес береді (өтініш бойынша).
ІV кезең
бақылайды;талдау процесіне бағыт беріп отырады (қажет болған жағдайда).
V кезең
жоспарлардың қорытындысын ұжымдық талдаумен бағалауға қатысады.

      Тақырыбы:  «Бизнес-жоспар» дайындау.
Бұл жұмысты жеке де, топпен де орындауға болады.
Білімгердіңң алдында тұрған міндет:
         І-кезең.  Мақсат қою.
        
Білімгер алдына төмендегідей мақсат қояды:
а) өз кәсіби әрекетін анықтау;
ә) ол үшін пән оқытушылары мен  кәсіпкерлерден кеңес алу;
б) жұмыстың жоспарын дайындау;
в) презентация дайындау.
         ІІ-кезең. Жоспар жасау кезеңі.
     1.      Жұмыс жоспарын жасайды.
а) әдебиеттерден «Бизнес-жоспар» туралы материалдар жинайды;
ә) кәсіпкерлермен кездеседі;
б) кәсіпкерлерден сұхбат, кеңес алады;
в) орындалатын жұмыстарды кезең-кезеңге бөледі;
г) қандай кәсіппен айналысатынын ойластырады;
ғ) оған орын іздейді;
д) шығыс пен кірісті есептейді;
е) пайдасын есептейді.

ІІІ-кезең. Жүзеге асыру кезеңі.Бұл ең жауапты және қиын кезең. Осы кезеңде білімгер қиыншылықтарға тап болуы мүмкін. Себебі, бұл кезең білімгерден көп ізденуді және шығармашылықпен жұмыс істеуді талап етеді. Көптеген кәсіпкерлерден кеңес алуға барғанда, олар уақыттарының тығыздығын алға тартып жауап  беруден бас тартатын кездері жиі кездеседі. Ондай кезде өздерінің туыстарының немесе таныстарының ішінен кеңес беретін кәсіпкерлерді іздеуге тура келеді.

     

ІV-кезең.Жұмысын курстастарының, оқытушылардың, сарапшылардың алдында қорғайды.

V-кезең. Бағалау кезеңі.

     Жобаның қорытындысы бойынша жобаны қорғау үшін басқа топтың білімгерлері, қазақ тілі пәнінің  оқытушылары, экономика пәнінің оқытушылары шақырылады. Әр білімгер мінбеге шығып өзінің материалды қайдан іздегенін, қалай жинағанына тоқталып, алдарына қойылған мәселенің шешілу жолдарын түсіндіріп, өзінің жобасын қорғайды. Әрине, жұмыс тобына сұрақ қоюға, ұсыныс айтуға және пікір таластыруға болады.
     Қорыта келе айтарым, 
білімгер дайын материалды меңгеруге ғана дағдыланбайды, ол өз бетінше ізденіп, болашақ мамандығы рөліне ену арқылы әр түрлі қақтығыс ситуациялардан шыға білуге, сөйлеу үлгілерін дұрыс пайдалануға қалыптасады. Жобаны қорғау кезінде білімгер өз әрекетін ұйымдастырып бағалай алатын жеке тұлға ретінде ғана емес, тілді меңгеруге байланысты өз бойындағы кемшіліктерді жеңуге де үйренеді. Сол сияқты, жобалау әдісі  білімгерлердің бойында мынадай қасиеттерді қалыптастырады: іскерлік кәсіби жағдайда тез жол таба білу, ұжым мүшелерімен арадағы сыйластық, топпен жұмыс істей білу, жұмысқа шығармашылықпен қарау  және т.б.

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер:

Секербекқызы С.Р. Жобалау және кейс технологиясы. «Ұстаз үні».2007ж.

Полат Е.С. Білім саласындағы жаңашыл мұғалімдердің ақпараттық технологиялары. «Академия», 1999 ж.

Бұзаубақова К. А. Жаңа педагогикалық технология. Қазақстан мектебі. Алматы-2004 ж.

Экономиканы жобалау әдісі арқылы оқыту жүйесінің дидактикалық ұстанымдары // Білім – Образование. –2006. − №3 (27). –48-52б.

Экономиканы жобалау әдісі арқылы оқытудың тиімділігі // Қазақстан кәсіпкері – Профессионал Казахстана. –2006. − №9 (40). –28-29 б.


 

в формате Microsoft Word (.doc / .docx)
Комментарии
Комментариев пока нет.