Статья «Сабақ жоспары»

1
0
Материал опубликован 4 January 2020

  Латын графикасын меңгерудің маңызы мен мәні

 Қазақ елінде ерекше серпіліс,ұлы мақсат тудырған әліпби реформасы бес жастағы баладан бастап тоқсандағы қарт атаны елең еткізді.Ұлттық кодты сақтаудың дара жолына айналған латын әліпбиінің нұсқасы 2018 жылдың ақпан айында елбасы Н.Назарбаев Жарлығымен бекітілді.А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты латын әліпбиіне  негізделген қазақ әліпбиінің негізгі ережелері жобасын дайындап та қойды.Елбасы реформасын халық ерекше ықыласпен қабылдап,әр азамат латын әріптерін өз бетінше меңгеруде.

Латын әліпбиін меңгерудің бірінші жетістігі- біздің отанымыздың әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылудың баспалдағы деп ойлаймын. Себебі, бүгінде әлемнің біршама елдері латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда . Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт т.б. қатысты жазбаша ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен беріледі, қоғамдық өмірдегі жаңалықтардың басым бөлігі осы графиканың негізінде таралады дегенді білдіреді.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтты. Сондай-ақ, Елбасымыз өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілігін атап өтті.Осы сөздер латын реформасының екінші және үшінші маңызды тұсын ашып береді.Ол- шет елдердегі (Қытай, Монғолия, Түркия т.б. ) қазақтармен мәдени, рухани байланысты нығайту,байланысты үзбеу.Үшіншісі-ағылшын тілін меңгеру оңайға түседі.Демек, еліміздің латын әліпбиіне көшу ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы Дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші тұғыры байлық – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болуы керектігі айқындалады. Ағартушы-педагог ғалым Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген. Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Бұл бізге таңсық дүние емес. Латын әліпбиі әлемде кеңінен қолданылады. Латын әліпбиі б.з.б. VII ғасырда Римде грек және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. I ғасырда қалыптасқан. Орта ғасырда латын әліпбиі Еуропаға тарады.

Ең негізгі төртінші маңызды рөлі бар.Ол-қазақ тілінің әуезділігі, орфоэпиялық заңдылығы қалпына келеді.Кірме,жат дыбыстардан тіліміз тазарады.Төл тіліміз қалпына келеді,шырайланады.Көптеген кірме сөздер фонетикалық жіліктеуден өтеді.Әдби тіл нормасы сақталып,тіліміз жанданады деген ойдамын. Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен тынбайды. Реформа үш мәселені - дыбыс, әліпби және еміле-ереже - бірдей қамтиды: дыбыс - өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; еміле-ереже - дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері. Осы үш мәселе бір-бірімен байланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды. Ал әліпби ауыстыру қазақ жазуына реформа жасаудың алғы шарты және ең төте жолы болып табылады. Егер латын таңбаларын баптап қабылдай алсақ, онда көптеген тіл бұзар әріптер мен еміле-ережелер өзінен-өзі түсіп қалады.

Елде жоспар мен дайындық қалай жүруде?

Ең алдымен, жаңа нұсқаны сынақтан өткізуден бастаймыз. Бұл туралы айтқан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев алдымен "Әліппе" дайындалып, Астана мектептеріндегі дайындық сыныптарына берілетіндігін мәлімдеді. Яғни, балалар үйрене бастайды. Білім және ғылым министрлігі алғашқы дайындықты бастап кеттік деп отыр.Қазіргі таңда бес мектеп латын графикасына көшті.

Екінші сатыда, көшелер мен мекеме аттарын латынға ауыстыру жүреді. Оның өзі белгіленген қала мен облыс орталықтарында ғана. Сол арқылы тағы да қоғам пікірі, әліпби мүмкіндіктері тексерілмек.

Қазақ тілі үндестік заңдылығын негіз етеді. Жуан-жіңішкелігі мен қатаң-ұяңдығына, үнділігіне, ерін мен езулік және мұрындық дыбыстардың табиғатына қарай қазақ әліпбиінің әріптерінің орналасу ретін тағайындау дұрыс. Бұл бір жағынан тез жаттау мен еске сақтауға ыңғайлы болу үшін де маңызды.

Қоғам қайраткері Мұрат Әуезов: «Кириллица - отаршыл саясаттың құралы болған. Біз әдетте ауызекі тілде сөйлескенде көрші қарақалпақ ағайындарды, ноғайларды, татарларды өте жақсы түсінеміз. Кезінде осы туысқан халықтың бәрін кириллицаға көшіргенде отаршыл империяның араға жік салу пиғылымен қасақана қолданған саяси құралы болғанын қиналмай түсінуге болады. Кириллицаға ауысқанда түркілерге онсыз да түсінікті ортақ дыбыс басқаша өңге түскен» Бұл сөздер жетпіс жыл Ресей империясының отарлау саясатының құрбаны болған елімнің өзегін өртеген өртті аша түседі.  Әліпби өзгерту  төл сөздерімізді жазуда кеткен олқылықтарды жөнге келтіруге көмектесіп,  қазақ сөздерінің дұрыс айтылуына ықпал етеді. Бүгінде латын әліпбиі сәнге айналып үлгерді десем, артық айтқандық емес. Әлеуметтік желілерде латын қаріптерімен жазатын жастар жетіп артылады. Осы уақытқа дейін ұсынылған әліпбидің бірнеше нұсқасы қазір біршама реттеліп, жөнге келді. Әлі де қосып-алуды, толықтыруды қажет етеді, әрине. Бастысы, халық болып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жаңашылдыққа қолдау көрсетуіміз қажет деп ойлаймын.

Әлемдік жазудың тәжірибесіне қарасақ, ешбір мемлекет, ешбір халық кірме дыбыс үшін арнайы таңба ойлап таппайды немесе сол кірме дыбыстың төркін таңбасын алмайды. Таңбаны сол өзінің төл әліпбиінің ішінен құрастырады. Кірме дыбысқа сол дыбыстың төркін таңбасын қоса алу деген бұрынғы Кеңес түркі республикаларында болды. Осы олқылықты қайталамасақ болды.  Тарихқа көз жүгіртсек, біз 3 әліпбиді ауыстырыппыз. Сол кезеңде бүгінгідегідей газет-журнал, компьютер, тың технология деген болған жоқ. Соған қарамастан, халық басына түскен барлық қиындықты еңсере білді. Тіпті, айшылық алыс жерлерге атпен барып, сауатын ашып жүргендер болды. Ал бүгінде шүкір делік, барлық қиындық артта қалды. Бейбіт заман орнады. Тәуелсіз мемлекетіміз жылдан-жылға өсіп-өркендеп, отандық ғылым-білім саласы дамып келеді. Осындай тамаша кезеңде латын әліпбиіне көшсек, ешқандай қиындық туындамайды деп ойлаймын. Қуантарлығы, бүгінде бастауыш сыныптарда оқитын балаларымыз ағылшынша үйренуде. Білім қуған жастар шет тілдерін меңгеріп, шетелдерде білім алуда. Осы тұрғыдан алғанда латын әліпбиіне көшуден қорқудың еш негізі жоқ деп санаймын. Бұл қадамға бару болашақ үшін маңызды екеніне сенемін. Себебі, бүгінде крииллицаның аясы өзінен-өзі тарылып келеді. Оның орнын ағылшын тілі басуда. Өйткені, ол өзінің қажеттілігін мойындата білді. Сол сияқты латын әліпбиінің де болашағы зор болатынына еш күмәнім жоқ. Бір анығы, болашақта мемлекеттік мекемелердегі іс-қағаздардың барлығы латын әліпбиінде жүргізілетін болады. Осы мәселеге байланысты белгілі бір мемлекеттік бағдарлама түзілуі мүмкін. Сол кезде біз латын әліпбиіне байланысты нақты қандай жұмыстар атқарылатынын білеміз. Ал әзірге психологиялық дайындықтан өтуіміз қажет. Ол үшін алдымен біртіндеп көрнекі ақпараттарды өзгертіп, халықтың көзін соған үйрете беруіміз керек. Мысалы, дүкен, дәріхана, сауда орталықтарының атауларын латын тілінде жазған жөн. Бұл жерде қарсылық болады, түрлі пікірлер айтылады. Одан қорықпағанымыз дұрыс.

 


1. Н. Назарбаев. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру». Egemen.kz

2. Күдеринова Қ. Қазақ жазуының теориялық негіздері. – Алматы, 2010.

3.Ә.Жүнісбек  «Әліпби мәселесі» «Аманат» зияткерлік клубында оқыған  баяндама.

4. Байтұрсынов А. «Тіл тағылымы» – Алматы, 1992

Комментарии
Комментариев пока нет.